Қостанай облысында 450 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

Бұл шамамен төрт мың пәтер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі ірі шағын ауданда құрылыс толық аяқталады деп жоспарланған. Жалпы, аймақта баспана құрылысының жылдық өсімі 13 процентке жетіп отыр. 

Әлішер Уәлиев жаңадан салынып жатқан Береке шағын ауданына биыл көшіп келді. Құрылыс сапасына өкпесі жоқ. Таза әрленген қонысына жиһаздар орнатумен шектелген.  

Әлішер Уәлиев, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Банк арқылы маған 5 проценттік ипотека берілді. 14 жыл бойы айына 88 мың теңге төлеймін. Менің баспанам 60 шаршы метр. Екі бөлмелі. Іші жарық, кең.

Береке шағын ауданы Қостанай картасында былтыр пайда болды. Облыста қолданысқа берілетін баспаналардың басым бөлігі осы қалашыққа тиесілі. Қазір 13 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталған.

Мәди Өтегенов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

- Береке шағын ауданында барлық саны 72 көпқабатты үй тұрғызылмақ. Әуежай және Юбилейный шағын аудандары аяқталу үстінде. Осыған дейін Әуежай шағын ауданында 37 үй қолданысқа берілді. Юбилейный шағын ауданында 47 үйдің 43-і қолданысқа берілді.

Қонай шағын ауданында да құрылыс қызып жатыр. Биыл мұнда 19 көппәтерлі үйде қоныс тойы тойланады. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлер үшін екі мыңдай учаске белгіленген.

Мәди Өтегенов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы:

- Қостанай ауданында «Байтерек» және «Астана» шағын аудандарына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Кәріз, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау. Бұл шағын аудандарда 49 үй тұрғызылмақ.

Баспана құрылысы облыс орталығымен шектеліп жатқан жоқ. Жақында Рудныйда кезекте тұрған азаматтарға жаңа пәтерлер кілті бұйырды. Жалпы биыл кеншілер қаласында 120 пәтер тапсыру көзделген.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров