Талдықорған билігі қандай жолды жөндеу керектігін халықпен кеңесіп шешеді

Талдықорған қаласының билігі болашақта қандай жолдарды жөндеу керектігін халықпен кеңесе отырып шешеді. Бұл туралы шаһар басшысы Әсет Масабаев мәлімдеді. Өйткені тұрғындар бұған дейін қала ішіндегі теп-тегіс жолдар қырылып, жиектастардың жиі ауысатынын айтып шағымданған еді. 

Талдықорғандағы мына көшенің асфальты қырылып, жиектасы ауыстырыла бастағанына бірнеше күн болды. Тұрғындар теп-тегіс жолдың не үшін жөндеуден өткізіліп жатқанын түсінбей дал болып отыр. Олар бүлінген жаяу жүргіншілер жолы қайтадан қалпына келтірілмей ме деп қорқады.   

Алмагүл Таласбаева, қала тұрғыны:

- Теп-тегіс, жақсы жол ғой. Бостан босқа бордюр қойды да енді асфальтты қырып тастады. Енді мынаны қараңызшы, тротуарлардың барлығын бүлдіріп тастады. Ал ертең осы тротуарлар қайтадан орнына келмейді. Білмеймін енді, тым жақсы жолды бұзып тастап, қайтадан салып жатыр. 

Мырзабек Кенжебекұлы, қала тұрғыны:

- Мынау енді бұл жақсы асфальт жол болатын. Қайтадан ауыстырды. Оны не үшін ауыстырды, білмеймін. Бірақ енді сапалы болсын арт жағы. Хуторда асфальт жоқ, мынау жаңадан салынып жатқан Заречныйда асфальт жоқ. Қай жерде асфальт жоқ, сол жерге салса, ол дұрыс болар еді.

ШаҺар басшысы Әсет Масабаев Балапанов пен Райымбек көшесі соңғы рет 2011 – 2012 жылдары күрделі жөндеуден өткенін айтты. «Онда бертінге дейін шұңқырлы жөндеу жұмыстары жасалып келді. Қаламыздың негізгі нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп жүретін көшелерді біз уақыт өте жаңалап отыруымыз керек», - деді ол.  

Әсет Масабаев, қала әкімі:

- Хутор, Еркінде сапасы төмен жолдар бар. Бірақ бұл ауылдың ішіндегі жолдар. Магистралды жолдарды біз жаңалап отыруымыз керек. Себебі біз қазіргі таңда Жетісу облысының орталығы болып отырмыз. Яғни әдемілігі, көріктілігі осыған тәуелді болып отыр.

Қала әкімі халықтың назы орынды екенін, болашақта қандай жолдарды жөндеуден өткізу керектігін қоғаммен кеңесіп, келісе отырып шешуге тырысатынын жеткізді.  

Әсет Масабаев, қала әкімі:

- БАҚ өкілдерімен, мына әлеуметтік белсенділермен және де біздің депутаттар бар, қала тұрғындары бар, бәріне әлеуметтік желілерге салып отырамыз.  Бекітпес бұрын 1 ай, 2 ай бұрын талқыға салып отырамыз. Яғни халық біліп отыруы керек, керек пе, керек емес пе? Халықтың ішкі жағдайын, сұранысын түсініп отыруымыз керек.

Талдықорғанда биыл ұзындығы 23,8 шақырым болатын 43 көше жаңадан салынып, пайдалануға беріледі. 67 көше орташа жөндеуден өтеді. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығындағы жолдардың 82 пайызы қанағаттанарлық деңгейде...

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев