Павлодарда екі елтаңбаны қоқысқа лақтырғандарға айыппұл салынады

Ертіс өңірінде екі елтаңбаны қоқысқа тастағандарға 2000 айлық есептік көрсеткіш немесе 6 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін.

Тұрмыстық қалдықтар арасында жатқан мемлекеттік нышанды экологтар тауып алған. Екі елтаңба электролиз зауытының маңындағы құрылыс қоқысының арасында жатқан. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары заңсыздыққа барғандарды іздестіріп жатыр.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік нышандарды жою тек  заң шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл іспен арнайы комиссия айналысуы керек.

Жасқайрат Қайыров, облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары:

- Оқиға орнына жедел тергеу тобы шықты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабы «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.