Нұр-Сұлтанда кезекті жаяу жүргіншілер променады ашылды

Елордада қала күні қарсаңында жаяу жүргіншілерге арналған жаңа кеңістік пайда болды. Нысанда шаһар тұрғындары мен қонақтарға демалуға да мүмкіндік қарастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордада абаттандыру белсенді жүргізіліп жатқан аудандардың бірі - Байқоңыр. Мұндағы Бараев атындағы көшеде тиісті жұмыстар аяқталып, жаяу жүргіншілерге арналған жаңа кеңістік ашылды. Салтанатты ашылу рәсімінде тұрғындарға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Сұлтан Шаймардан, Байқоңыр ауданы әкімі апаратының бас маманы:

- 7 мыңнан аса шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізілді. 158 түп жасыл желек отырғызылды. Сондай-ақ кіші архитектуралық нысан орнатылды. Айта кеткен жөн, бұл отандық өнім, яки қолдан жасалған бұйым. Елорданы ең алдымен жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болуы үшін дамытып жатырмыз.

Байқоңыр ауданында астаналықтарға жайлы орта құру мәселесі де қарастырылған. Мәселен, жүргіншілер жолы бірдей биіктік бойынша тегістеліп, арнайы өткелдер мен ыңғайлы пандустар салынды. Бұдан бөлек көгалдандыру жұмыстары да жүргізілді.

Серік Баймұханов, қала тұрғыны:

- Халыққа деген демалатын орын бар. Жастарға, балаларға , үлкен кісілерге, сәбилерге ойын алаңдары бар. Өте керемет.

Қала тұрғындары кеңістіктің  ашылуын асыға күткендей. Әсіресе, балалар ойын алаңдарына қуанып, мәз-мейрам.

Наргиз Бекмағанбетова, Ержан Қанапияұлы