Саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов елордаға жаяу жүріп жетті

Еңбек ардагері Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның кең байтақ даласын жаяу жүріп өтуді мақсат еткен. Қарашаға дейін 72 жастағы ақсақал бүкіл елді аралап, өзге өңірлердің тұрғындарын Ұлытау ауданының тарихымен таныстырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол күніне 40 шақырым жолды жаяу жүріп келеді. Бүгін ел астанасына жетті. Ұлытаудан жалғыз өзі ұзақ жолды еңсеріп жаяу келе жатқан ақсақал Сәрсенбай Қотырашов бүгін елордаға табан тіреді. Қария аялдаған бұл он үшінші өңір. Оның «Ұлытауға бардың ба...?» марафоны биыл наурызда басталған еді. Осы уақыт ішінде ол он жұп аяқ киімді тоздырып үлгерген. Бірақ ол жаяу жүргіншілер жолы қымбатқа түспегеніне риза. Қай өңірге келсе де құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, тегін қонатын орын ұсынады.

Сәрсенбай Қотырашов, саяхатшы:

Мен тамақтан қиналған жоқпын. Қазақ халқы дархан ғой. Жолда тоқтап, тамақ берейік, су берейік деп жатады. Ысырап етіп артық нәрсе алмаймын. Алдағы мақсат. Меккеге жаяу барсам деген арманым бар.

Қария қараша айына дейін Қазақстанның 18 қаласын жаяу аралауды мақсат еткен. Еңбек ардагері мұндай ұзақ марафонға алғаш рет шыққанын айтады. Жезқазған мен Қызылорданың арасындағы жол өте ауыр соғыпты. Керек-жарақ салынған шағын арбасын сүйреп, күніне 40-50 шақырымды басып өтіп келе жатырмын, дейді ақсақал. Жүрген жерінде Ұлытау тарихын таныстыра отырып, әр өңірдегі қолөнер шеберлері туралы тың деректерді де жинақтауды мақсат еткен. Осылайша Қазақстанның үздік қолөнершілерінің тізімін жасап шығуды қолға алыпты. Қолөнершілер тізімі халықаралық сайттың базасына енгізіледі. Бұл ұлытаулық шебер реставратор Сәрсенбай Қотырашовтың жаяу сапарының нәтижесінде мүмкін болмақ. Сонымен қатар «Көкмайса» ұлттық қымыз мерекесін насихаттай отырып, қайта жандандыруды көздейді.

Айта кетерлігі, ақсақал жол бойы қымыз ішіп әлденіп алады екен.

Аманжол Әлтаев, ҚР Мәжіліс депутаты:

Беліңізді бекем буып, Сарыарқаның Жетісудың даласын бүкіл қазақтың байтақ даласын жаяу жүріп өту деген Алланың сізге берген үлкен күші. Сондықтан ақсақал деніңіз сау болсын. Басыңыз аман болсын. Қасиетті Ұлытаудың етегінен қадам басып, бүкіл қазақ даласын жаяу жүріп шығу деген ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ. Мықты болыңыз жасыңыз жүзге жеткенше аяғыңыз сүрінбесін.

Жиһанкез әрі қарай Көкшетауға бұрылып, одан әрі солтүстікке тартып, Петропавл, Қостанайды көреді. Әрі қарай батысқа бағыт алып, Ақтөбе, Орал, Атырау, Бейнеуге барып, Ақтауда марафон мәресіне жетеді. Дегенмен бұл сапардың соңы емес, дейді Сәрсенбай Қотырашов. Арманы Меккеге жаяу жету.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Арман Ақшабаев