Үшарал әуежайы 1 тамызда іске қосылады

Алматы облысындағы Үшарал әуежайы 1 тамыз күні іске қосылады. Ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткен нысан алғашқыда Алматы-Үшарал, Талдықорған-Үшарал және Нұр-Сұлтан-Үшарал бағытындағы әуе кемелерін қабылдайды. Бұл туралы бүгін «Жетісу» әуе компаниясының басшылығы мәлімдеді.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Үшарал әуежайының ұшу-қону алаңының ұзындығы 2 мың 700 метрге дейін ұзартылды. Бұрын ол 2,5 шақырым болатын. Ал ені 45 метр. Бұл халықаралық стандарттарға сай және әуежайдың үлкен әуе кемелерін қабылдауына мүмкіндік береді. Қазір мұнда жаңа нысанды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Әуежайдың ұшу-қону жолағын тексеру жұмыстарын еліміздің авиациялық әкімшілігі жүргізуде. Жобаның жалпы құны 9,5 млрд теңге. Жолақты күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаржы ұлттық қор мен жартылай жергілікті бюджеттен бөлінген. 

Мәди Әліпбаев, Жетісу облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы:

- Негізгі бетон жұмыстары бітті жолақтың екі қабатты. Одан бөлек периметрді қоршау жұмыстары қазір аяқталуда. Осы 1-2 күндіктің шамасында бітеді. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Видеокамераларды орнату, светосигнальный құрылғыларды орнату жұмыстары алдағы күндері жүргізіледі.

Әзірге Үшарал әуежайы түнде ұшақ қабылдай алмайды. Сол себепті әуе рейстері күндізгі уақытта жүзеге асырылады. Бұл туристік маусымды жақсы нәтижемен қорытындылау мақсатында ұйымдастырылып жатқан шара. Сертификаттау жұмыстары бірер күнде аяқталады. Комиссия қортындысына сәйкес, «Жетісу» әуе компаниясы енді ұшақтарды ұшырып, қабылдауға рұқсат алуы тиіс. 

Қалтай Дөңсебаев, әуе компаниясының президенті:

- Қазіргі жоспар бойынша самолеттер Алматыдан күініне 4 рейс ұшуы керек. Талдықорғаннан күніне 6 рейс ұшуы керек. Нұр-Сұлтаннан күніне 2 рейс ұшуы керек. Сондай жоспар бар. Аэропорттың барлық службалары жұмыс істеуге дайын түгел. Мамандардың бәрінің сертификаттары бар. 1 августтен бастап самолеттер ұша алады.

– Қабылдай аласыздар ғой.

– Қабылдай аламыз.

Мұндағы құрылыс жұмыстары қараша айында толығымен аяқталады. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі комиссия құрып, онда қайта сертификаттау жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін барып қана Үшарал әуежайы түнгі мезгілде де ұшақтарды қабылдай алады...

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина

Сондай-ақ...