Петропавлдық бағбан бір ағаштан алманың сегіз түрін алады

Теріскейдегі құбылмалы ауа райына қарамастан Петропавл қаласының тұрғыны алма ағаштарын ұластырумен айналысады. Қазір Сергей Заголаның саяжайындағы бір ағашта алманың 8 сұрпы қатар өседі. Зейнеткердің қала шетіндегі үйінде тағы не өседі? 

Сергей Загола 70–те. Қазір ол бар уақытын қала шетіндегі саяжайда өткізеді. Жай ғана өткізбей, түрлі табиғи тәжірбиелер жасайды. Мысалы, алма ағаштарын ұластырады. Ұнаған сұрпын алып, басқа бұтаққа отырғызады.

Сергей Загола, қала тұрғыны:

- Мына ағашта алманың 8 сұрпы болады. Әзірге бесеуі жеміс берді. Қалғаны келер жылы шығатын шығар. Ұластырудың жақсы жері осы өнім тез өседі. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Сергей Загола алмұрт ағаштарын да ұластырады. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын салынған мына бір бұтақ осындай жеміс берді. 

Зейнеткер бұл саяжайды 2018 жылы сатып алған. «Ол кезде аумақты шөп басып кеткен», - деп еске алады Сергей Загола. Содан әйелімен бірге бәрін ретке келтіріп, жанға жайлы орын пайда болды.  

Сергей Загола, қала тұрғыны:

- Саяжайға сәуір айында келіп, күзге дейін осында тұрамыз. Қалаға тек қана азық-түлікке барып келеміз. Бұл жерде аянбай еңбек ету керек. Сонда ғана жемісін көресің. 

Қазір бағбанның саяжайында 22 алма ағашы бар. Сонымен қатар қарбыз, жүзім өседі. Күзде осының бәрін немере, балаларына таратып береді.  

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев