Қарағандының Суықсу ауылында жарық жиі өшіп, су бір мезгіл беріледі

Қарағанды облысы Суықсу ауылының тұрғындары өркениет игілігін көре алмай отыр. Ауыз су күніне 1 сағат беріледі, жарық жиі өшеді, телефон байланысы мен интернет те жоқ. Ауылға баратын жолдың да жайы мәз емес. Бірақ жұрт ауылдан көшпек емес.

Суықсу ауыл болып құрылғалы бері асфальт жол болмаған. Осыдан 4 жыл бұрын алғаш техникалар келіп жол сала бастағанда ауылдықтар қуанған. Бірақ қуанышы алысқа бармай, 13 шақырымдық жолдың құрылысы 4 жылға созылған. Әлі де аяқталған жоқ.

Ораш Айранбаев, Суықсу ауылының тұрғыны:

- Осыдан 4 жыл бұрын бастаған негізі сосын 2 жылға тендер бөлінеді деді 4 шақырымын салды, сосын алдыңғы жылы 3 шақырымын салды бітті, 2 жыл қалған 5 шақырымы сонымен бітті. Мынау 5 шақырым деген бізді де, машинаны да өлтіріп бітті. 

Сәуле Болатова, Суықсу ауылының тұрғыны:

- Бұрын келетін автобус, қазір келмей қойды. Бізді көлік, такси алмайды. Барамыз, 4 күн жатамыз, сосын барып үйге әзер жетеміз. Попутка іздеп. Қиын совсем. Мен жалғыз басты әйелмін.   

Ауылда ауыз су мәселесі де өзекті. Себебі тұрғындарға тәулігіне тұп-тура 1 сағат су беріліп, артынша өшіріп тастайды екен. Ал салынып жатқан жаңа құбыр сиырқұймышақтанып кеткен. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бұл ауылға тамыз айының басында барлық үй-үйге ауыз су жеткізілуі тиіс болған.  Бірақ бұл жерің қазылып жатқанына 1,5 жылға жуық уақыт болыпты. Тереңдігі 2 метрден асады, бұл әрине жақсы, бірақ дәл осы қазылып жатқан жер малға да балаларға да айтарлықтай қауіп төндіріп тұр.

Алтынгүл Сәкей, Суықсу ауылының тұрғыны:

- Бұзау түсіп кетті өткенді бір күн бойы жоқ, қарасақ 4 бұзау шұңқырдың ішіне түсіп кетіпті. Қайта тірі болды. Көршінің бұзауы да түсіп кетті. Бір күні бала түседі, қайта ата-аналар қарап жүр ғой.

Тұрғындар осында жұмыс істеп жатқан техникалардың кетіп қалғанын айтып, енді жұмыс тұралап қала ма деп алаңдаса, жауаптылар ай соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. 

Әли Ысқақов, Бұқар жырау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта сыртқы эленктрмен жабдықтау жобасы әзірленуде, одан кейін электр желілері тартылып, сору станциясына тоқ беріледі. Сонымен қатар су мұнарасын орнату және станцияны жылыту жұмыстары жүргізіледі. Жұмысты аяқтау мерзімі 31 тамызға жоспарланып отыр.

Айтпақшы ауылда ұялы байланыс болуы үшін арнайы антенна орнатылған. Оған бюджеттен 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Бірақ бұл жұмыстың да аяқсыз қалатын түрі бар.  

Біржан Масайынов, Суықсу ауылының әкімі:

- Вышка қойдық, электр тартып, ток, счетчигін тарттық. Сосын хат жаздық, жауап жоқ. Жауап отрицательный болатын шығар, себебі халық саны аз, невыгодно деп жатыр. Олар частный компания.

Ауылда қазір 200-ге жуық халық, 50-ден астам түтін бар. Халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. 10-шақты ірі шаруа қожалық бар. Тұрғындар облыс орталығынан небәрі 100 шақырым жерде жатқан ауылдың осылай ұмыт болып бара жатқанына налиды.    

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпхар