Қызылорда облысында күріш көлемінің 25%-і жиналды

Ақжар ауылының тұрғыны Нұрлыбек Жәміловтың күріш еккеніне небәрі 5 жыл ғана болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бұған дейін құрылыс саласында тер төгіпті. Ауылындағы шаруашылық жанданған бойда сушылық міндетті атқаруға кіріскен. Тіпті комбайынды да тізгіндеуді аз уақытта меңгеріп, өнімді еселеуге сүбелі үлес қосып жүр. 

Нұрлыбек Жәмілов, комбайншы:

- Егініміз жыл сайын молайып жатыр. Биыл жақсы өнім аламыз ба деген ниеттеміз. Былтыр 70 болса, биыл 75 центнерге апарамыз ба деген. Жылда жаңа технологияға отырып жатырмыз. Шүкір жер айдаймыз. Тынып жатқан жоқпыз.

Ақжар ауылында 2 шаруа қожалық болса, олар жалпы көлемі 1 мың 800 гектардай күріш егеді. Биыл шығыны көп болса да, су айдау құрылғыларының көмегімен егінді сақтап қалдық,-дейді мамандар. 

Әлихан Сарыбаев, гидротехник:

- Суы жоқ боп қалған күнін санайды күрішті. Суда тұрған атыздар ертерек піседі да, су 10 күн бір жеті болмай қалған атыздар кеш басталады мысалы.

Қармақшы ауданы биыл 24 мың гектар жерге егін екті. Оның 12 мың 773 гектары ақ күріштің үлесінде.

Әділбек Ерсұлтанов, Қармақшы ауданының әкімі:

- Мақсатымыз осы күзге дейін жауын-шашын жаумай тұрып, осы егілген өнімді қырманға түсіріп алу. Елімізде бұған дейін айтып отырдық, жалғыз Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында емес, әлем бойынша су тапшылығы болды. Бірақ минстрліктерден тиісті ұсыныстар түсіп, соның нәтижесінде осы ауданда су тапшылығы болған жоқ.

Бүгінде Қармақшы ауданы бойынша күріш егінінің 25 проценті қамбаға құйылған. Әзірге әр гектардан орта есеппен 56 центнерден айналуда.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин