Азық-түлік тағы қымбаттауы мүмкін – Ұлттық Банк

Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты туралы баяндамасында қымбатшылықтың екінші толқыны жайлы айтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар мұны әлемдегі тыңайтқыш бағасының өсуімен байланыстырып отыр. Сондай-ақ Халықаралық валюта қоры әлемдегі экономикалық өсім болжамдарын қайта қарайтын болды. ЕО және АҚШ бастаған дамыған елдерде экономикалық өсім айтарлықтай баяулау мүмкін.  «Қытай экономикасы да ковидке қарсы саясаттың қысымымен баяу өсетін болады», – дейді мамандар. Бұл нарықтар көптеген дамушы ел үшін негізгі экспорттық бағыт болғандықтан, жағдай сауда көлемінің қысқаруына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар алдағы екі жылда өнеркәсіптік тауарлар мен ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы төмендейді деп күтілуде. Бірақ олар 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейге жетпейді. Яғни қатты арзандамайды. Ұлттық банктің болжамы бойынша, Қазақстанда осы жылдың соңына қарай инфляция 16-18% аралығында болады. Инфляция өзінің шыңына 2023 жылдың ақпан айында жетеді.