Ақтөбелік шаруа қожалықтарында жұмыс күші жетіспей жатыр

Күзгі егін орағына кірісіп, өнім ала бастаған ақтөбелік шаруа қожалықтарында да жұмыс күші жетіспей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір егіс алқаптары мен жылыжайларда еңбек ететін қарапайым жұмысшы тапшы. Жергілікті тұрғындар арасынан ұсынылған шартқа келісетіндер табылмай жатса, өзге елдің азаматтарын тартуға квота аз бөлінген. Тығырықтан шығудың жолын іздеген өндірушілер мәселесін айтып, кәсіпкерлер палатасына жиі барады.  

Қала аумағындағы мына жылыжай мол өнім алатын құрылымдардың қатарында. Жыл сайын 800 тонна көлемінде қызанақ пен қияр жинайды. Жиын-терімнің бір бөлігі көрші өңірлерге жеткізілсе, қалғаны жергілікті нарықты қамтуға бағытталады. Қожалық басшысының кәсіпті кеңейтіп, картоп пен жеміс-жидек өсірмек ойы бар. Алайда қазірдің өзінде жұмыс күші жетіспей тұр.

Әділет Қазиев, шаруа қожалығының басқарушысы:

- Жергілікті тұрғындарды жұмысқа алғанымызбен, тұрақты түрде істейтіндері аз. Бір күн келсе, басқа күні шықпай қояды. Ал егер мигранттарды шақырсақ, онда квота алу қиын. Мәселен, былтыр бізде шетелдік жұмыс күші болған жоқ. Нәтижесінде дән сепкен 4 гектардың екеуі босқа күйіп кетті. Себебі өнімді жинап алатын ешкім болмады.

Жұмысшылардың жетіспеуінен Ерсайын Буриннің де шаруасы шайқалып тұр. Қожалықтағы 100-ге жуық ірі қараға қарап, сүт өңдеу цехын тұрақты әрі қарқынды жүргізу әзір мүмкін емес. Сондықтан көмекке жұбайы мен балалары келген. Ал ауыл шаруашылығында еңбек еткісі келетін адамдар әзір табылмай тұр.

Ерсайын Бурин, шаруа:

- Қазір біз ауылда еңбек етуден қалған сияқтымыз. Байқап отырсақ, ешкім баласын тракторшы немесе мал дәрігері мамандығына оқытқысы келмейді. Сондықтан бұл мәселені тек автоматтандыру үрдісін енгізу арқылы шешу қажет секілді. Бұл – әрине, менің жеке пікірім.

Мәселе қазіргі жиын-терім уақытында өзекті бола түскен. Енді шаруалар жұмыс күші жетпегендіктен, жергілікті нарық өзімізде өсірілген  өнімсіз қалуы мүмкін екенін айтады. Ал тиісті министрліктің бұйрығы бойынша биыл облысқа шетелдік азаматтарды тарту үшін 168 квота бөлінген. Бұл тым аз. Қожалық иелерінің есебінше, кемінде 700-ге жуық квота керек. Бұны өңірлік кәсіпкерлік палатасының өкілдері де мойындап отыр.

Рахат Тәжібаев, облыстық Кәсіпкерлік палатасының сарапшысы:

- Қазіргі таңда қаралып жатқан сұрақтардың көбісі – жұмысшыларымыздың ауылдық жерде жұмысқа бармайтындығы. Халықты сол жұмысқа тарту – басты мақсат. Сонымен қатар шетелдік квотаны көбейту. Бұйрық бойынша әр шаруашылыққа берілетін екі жұмысшы жетіспейді.

Бүгінде ауыл шаруашылығына негізінен тракторшы, механизатор, мал дәрігері, шопан және сауыншылар жетіспейді. Мәселені шешу үшін Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қысқа мерзімді курстар ұйымдастырып, мамандар даярлауды қолға алған.

Бибігүл Бисенғалиева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мақсатында ағымдағы жылы  801 азамат қысқа мерзімді курстарға жолданды. Қазіргі таңда оның 305-і оқуларын аяқтап, 97% алған мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасты.

Шаруалар жұмыс күшінің жетіспеушілігі келер жылы да нақты сезілетінін айтады. Сондықтан жауапты органдардың мәселеге ден қойып, шешулерін сұрап отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев