Павлодарлық бүлдіршіндер жолда жүру тәртібін балабақшадан бастап үйренеді

Кішкентай сәбилердің дүниетанымын арттырып, қалыпты өмірге бейімдеу дағдыларын ойын түрінде көрсетудің маңызы зор. Павлодардың жол инспекторлары бүгінгі жұмыс күнін балабақшадан бастады, деп хабарлайды «хабар 24».

Павлодардағы  №46-шы сәбилер бақшасына  қонаққа келген инспекторлар бүлдіршіндерден бағдаршамның түстері туралы сұрап білді. Балалардың жауабы әзір. Демек, жол ережелері туралы сабақ балабақша қабырғасында оқытылады. Жол сақшылары балалардың алған білімін тәжірибе жүзінде  тағы бір мәрте пысықтап шықты.

Айбек Рақышев, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Бұл акцияға балалар белсенді қатысып, өздерінің қызығушылықтарын білдіріп жатыр. Бізге түрлі сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Балалардың дайындығы жақсы, тәрбиешілер бәрі жақсы түсіндірген.

Балалар сауалнамаға да белсенді атсалысты. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол ережелерін сақтауға бағытталған шара. Ата-аналар үшін де маңызды.

Марал Исабаева, ата-ана:

Жол ережелері сабағы болатыны туралы кеше ескертілген болатын. Ұлымыз екеуіміз әбден дайындалып келдік. Бағдаршамдардың түстерін ажыратып, қандай белгі беретінін үйрендік.

Диана Тұрысбекқызы, №46 сәбилер бақшасының директоры:

– Барлық топтарда осындай белгілерді жаттау, бағдаршам белгілері, жүру сияқты, дайындау осы белгілерді жаңағы жоғарыда көріп өткендей апталықтар өткізіліп тұрады. Бұл жерде тек қана балалармен емес ата-аналармен іс-шаралар жүргізіліп отырады.

Жаңа оқу жылы басталған қыркүйек айында облыс бойынша «Абайлаңыз балалар!» акциясы өтеді. Жергілікті полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына жол ережелері туралы ақпараттар таратады. Ал мектепке дейінгі мекемелерде ойын түріндегі ашық сабақтар өткізіледі.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков