Қостанай облысында таза суға зәру ауылдар бар

Қостанай облысында 2025 жылға дейін барлық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырғы көрсеткіш 75 процент болса, биыл 86 проценттен асып отыр. Дегенмен де Тобыл өңірі таза су тұтынатын ауылдықтардың саны бойынша көштің соңында келеді. Тіпті тірек саналатын кейбір елді мекендер де тіршілік нәріне жарымай отыр. Қарабалық ауданындағы Новотроицк ауылында 230 отбасы түтін түтетіп отыр. Мұндағы бір түйткіл ауыз су тапшылығы. Кеңес дәуірінен қалған құбырлардың істен шыққанына жиырма жылдан асты. Жергілікті халық тасымал суды тұтынады. Құдықтардың дені ащы.

Берік Боқаев, Новотроицк ауылдық округінің әкімі:

– Кеңес үкімет заманында су құбыры бізде болған. Қазіргі тартылатын сол скважинадан тартылады. Жердің астында үлкен көл бар. Өте таза су.

Енді тұрғындар орталықтандырылған ауыз су тұтынады. Ауыл ішінде 20 шақырым құбыр жаңартылып жатыр. Қазірдің өзінде тіршілік нәрі 100-ден аса үйге кіріп тұр. Жыл соңына дейін сорғы станциясын салу жоспарланған. Жалпы құрылыс жұмыстары мерзімінен ерте аяқталатын түрі бар. 

Азамат Сүйімбаев, мердігер:

179 млн қаражат бөлінген осы жылға. Соның барлық сомасын игердік. 20,5 шақырым осы ауыл ішінде салынатын су құбырының бәрі. Сол құбырдың 18 шақырымын салдық. 214 құдықтың 180-ін орнатып қойдық. Осы жылы қосымша ақша сұраймыз тағы да. 100 млн-дай ақша болатын боламыз. Сонда келесі жылы 300 млн-дай игеру қалады. Бір метріне 5 мың теңгеден алып жатырмыз. Шарбағына дейін тегін.

Мердігерлер құрылыс барысында әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпаған. Олар 10-ға тарта отбасының ауыз су тартуға кететін шығынды  өз мойнына алған.

Берік Боқаев, Новотроицк ауылдық округінің әкімі:

– Сондай келісім бар. Он үйдің ішінде бес үй көп балалы отбасы. Сосын төрт тыл ардагері.Енді бір үйде үш мүгедек тұрады.

Биыл Қарабалық ауданында Новотроицктен бөлек Станционный, Лесной және Боскөл ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенбер