Алматыдағы «Барыс-4» базары мемлекетке қайтарылады

Экономикалық сот осындай шешім шығарды. Жалпы базар төңірегіндегі дау бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы жеке кәсіпкерлердің айтуынша, базар басшылығы тауарды тек өздерінен сатып алуды міндеттейді. Осылайша өздері ортада делдал болып отыр. Халық арасында «Оптовка» деп аталып кеткен бұл базардың басынан дау арылмады. Биыл шілде айында Алматы қаласының прокуратурасы бірқатар заңбұзушылықты анықтап, нысанды жекешелендіру келісімін жарамсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірген. Талап арызда «Барыс-4» базарының бес есе арзан бағаға сатылып кеткені көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, «Найза-БН» компаниясы 2013 жылдың желтоқсанында базарды мемлекеттен сатып алады. Нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, оны бар болғаны 307 миллион теңгеге бағалайды. Енді міне сот талап арызды қанағаттандырып, істі мемлекеттің пайдасына шешті.

Абай Жарылқасын, Алматы қалалық сотының ресми өкілі:

– Сот талқылау барысында талап арызда келтірілген дәлелдер расталды. Уәкілетті органның өкілі жекешелендіру кезінде мемлекет мүддесіне нұқсан келтіре отырып, аз шығынмен жүргізілгенін келісіп, талаптарды мойындады. Сот талап арызды қанағаттандырып, «Найза-БН» ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттік үлесті сату шартын жарамсыз деп тану туралы шешім шығарды.

Кәсіпкерлер бұған дейін де мұнда заңбұзушылықтар бар екенін айтқан. Мәселен, осы жылдың басында Барыс-4 саудагерлері түгелдей базар басшылығына қарсы шыққан. Себебі олар өздері ұсынған тауарды алуға немесе белгілі бір компаниялармен ғана жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Бұл еркін бәсекелестікті шектеген.

Бек Райханов, саудагер

Мен жұмыртқаны фабрикадан тікелей алып келіп, осы жерге келіп, өзім отырып сата алмаймын. Өйткені ол кісілер фабрикадан өздері алып келіп, үстіне ақша қойып осы жерде сатады. Соның әсерінен баға қымбаттайды. 

Изат Сабырұлы, саудагер:

Сырттан кіргізіп көрдік, кіргізгенімізді 10-15 адам қоршап алып, не үшін кіргізесің деп. Кіргізуге рұқсат жоқ. Келіп тексерсе, тексеруден қашпаймыз біз, барлық нәрсені заңды жасаймыз, заңсыз істеп жатқан дүниеміз жоқ.

Қазір базар қалыпты жұмыс істеп жатыр. Ол жерден нәпақасын тауып жүрген жеке кәсіпкерлер базардың мемлекетке қайтарылатынына риза. Әзірге келісімшартты жарамсыз деп тану туралы сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев