Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты жаңа әдіспен жөнделіп жатыр

Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірісті тоқтатпай, технологиялық қондырғыларды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоспарлы жөндеу Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес 1 қазанда басталған. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев зауыттағы жағдаймен танысты. Зауыттағы технологиялық қондырғыларды кезекпен жөндеу әдісі Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр. Бұл мұнай өнімдерін тоқтаусыз өндіруге мүмкіндік береді. Атырау мұнай өңдеу зауыты былтыр мұнайды рекордтық көлемде өңдеген. Биылғы 9 айдағы көрсеткіш те жоғары.

Серік Арыстан, «АМӨЗ» ЖШС жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры:

– 4 млн 200 мың тонНА мұнай өңдеді. Жылдың басында бекіткен кестеге сәйкес жоспардан 112 мың тоннаға артық болды. Осы уақыттың ішінде 1 млн тонна автобензин, 1 млн 200 мың тонна дизель отыны, 114 мың тонна әуе отындары және басқа да мұнай өнімдері осы жерде өңделді.

Өңірге келген «Қазмұнайгаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев зауыт мамандарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. «Tazalyq» жобасын іске асыру, Теңіз мұнайын қайта өңдеудегі зауыттың мүмкіндіктері қаралды. Сондай-ақ цифрландыру жобасы бойынша есеп тыңдалды.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз»" ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары сапалы және уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету керек. Бақылауда болады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық технологиялық қондырғылардың белгіленген уақытта қосылуын қамтамасыз ету керек. АМӨЗ тұрақты және апатсыз жұмысын, өндірістік бағдарлама мен өндірістік көрсеткіштердің орындалуын қамтасыз ету.

Сапар барысында Мағзұм Мырзағалиев интеграцияланған газ-химия кешеніне барып, полипропилен өндіру зауытының іске қосу-реттеу жұмыстарымен танысты.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев