Абай облысындағы үш ауылдың жолына асфальт төселді

Аудан орталығының іргесіндегі Егінсу ауылы жолының жөндеу көрмегеніне 30 жылдан асқан. Ойдым-ойдымы шыққан 12 шақырым жол елді мекен тұрғындарын әбден әуре-сарсаңға салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Фаузия Сүлейменова, Егінсу ауылының тұрғыны:

- Қиындық көрдік. Қаржы бөлінбеді. Жылда сұраймыз. Бірнеше әкім болды, ешқайсысынан көмек болмады. Биыл сол қаржы бөлінді. Ауыл тұрғындарының жылдар бойы аңсаған дүниесі еді. Мұның бәрі жастардың болашағы үшін ғой.

Жолды жергілікті мердігер компания жөндеп жатыр. Ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтыды. Елді мекеннің жолына асфальт төсеуге қазынадан 370 млн теңге бөлінді. 

Мақсат Сүлейменов, учаске бастығы:

- Екі ауысыммен жұмыс істеп жатырмыз.Таңғы сағат 07:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін. Ауа райы жақсы болса, бір апта көлемінде бітірсек деп отырмыз. Ұзақтығы 12 шақырым. Қазір 8 шақырымы бітіп тұр.

Маман Еженхан, Үржар аудандық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 елді мекеннің 20 шақырым жолы орташа жөндеуден өткізілді.

Биыл Үржар ауданында 3 ауылдың 40 шақырым жолына асфальт төселген. Бұған 680 млн теңге қаражат бөлінді. Өңірде 100 шақырымға жуық елді мекен жолдарына жөндеу қажет.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы