Ақтөбе облысының Ақтасты ауылына көгілдір отын берілді

Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Ақтасты ауылы тұрғындары үшін, көптен күткен той, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санаулы үйі бар елді мекенге көгілдір отын жетті. Газ құбырын жергілікті кәсіпкер, жеке қара-жатына тартып берген. Жалпы ауданның 99% табиғи газ желісіне қосылған. Енді аймақтағы барлық тұрғын өркениет игілігіне қол жеткізуі тиіс.

Екі жыл бұрын Ақтасты ауылына қоныс аударған Дина Андакулова шағын елді мекеннің болашағы зор деп келген. Себебі аудан орталығынан шалғайда болғанына қарамастан жолына асфальт төселіп, ауыз су мәселесі де шешімін тапқан. Көгілдір отынның да көп ұзамай келетіндігіне халық кәміл сеніпті.

Дина Андакулова, Ақтасты ауылының тұрғыны:

- Ауылдың барлығы дайындалып газды күтіп отыр. Биыл ешкім көмір де, ағаш та алған жоқ, газ қосамыз деп. Қуанып жатыр барлығы.

Жиырмаға жуық түтіні бар шағын ауыл тұрғындары мал шаруашылығын кәсіп етеді. Тоқсаныншы жылдары халқы үдере көшіп, мектебі мен балабақшасы қаңырап қалған елді мекенді қайта жаңғыртуды жергілікті кәсіпкер қолға алыпты. Жеке қаражатына 4 шақырымға жуық газ желісін жүргізіп, көгілдір отынды әрбір баспанаға кіргізген. 

Ринат Жанғожин, кәсіпкер:

- Ауылда тұрғандарына осындай Қазақстан азаматы кәсіпкерлерінің міндеті, парызы деп есептеймін өзім. Марқұм Олимпиада чемпионы Үшкемпіров ағамыз айтқан сөзі бар ғой: «Елімізде 5 мың ауыл бар, соған 5 мың кәсіпкер қол ұшын тигізсе біраз дәрежеге жетуге болатын еді».

Жалпы Хромтау ауданындағы елді мекендердің 99% газ желісіне қосылған. Ендігі кезек мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шағын ауылдарға да жетті.

Азамат Бекет, Хромтау ауданының әкімі:

- 2021 жылы Бөгетсай ауылдық округіне қарасты Шіліксай ауылы, Енді биыл өзіңіз көріп тұрғандай Ақтасты ауылы, келесі жылы Абай ауылының Кіші Тассай ауылына да осы демеуші есебінен газ жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алдағы 2-3 жыл ішінде өңірдегі барлық елді мекен табиғи газ желісіне қосылуы тиіс. Бұл жоспар жүзеге асса облыс көлеміндегі халқы 100% көгілдір отын тұтынып отырған алғашқы аудан болмақ.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков