БҰҰ: Болашақта мұнайдың орнын литий алмастыруы мүмкін

Әлемде экологияның нашарлауы, қазба байлықтардың сарқылуы баламалы энергия көздерін іздеуге мәжбүрлейді, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Алматыда өткен екінші Энергетикалық форумда осы мәселе айтылды. Форумның бір сессиясы Орталық Азия елдерінде тұрақты энергетикалық жүйелерді қалыптастыру тақырыбына арналды. Оны белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ашты. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, болашақта мұнайдың орнын литий алмастыруы мүмкін. Литийді мамандар «Ақ мұнай» деп те атайды. Литийдің қолдану аясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Сондай-ақ соңғы жылдары сутегі энергетикасы туралы жиі сөз болып жүр. «Егер литий мен сутегін қауіпсіз өндіру технологиясын үйренсек, болашақта энергияға деген мұқтаждықтың алдын алуға болады», — дейді форумға қатысушылар. Энергетикалық форумның мақсаты — осы салада тиімді шешім табуға атсалысу. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, Қазақстан жасыл энергияны дамыту бойынша көптеген елдерге үлгі болатындай қызмет атқарып отыр.

Дмитрий Марьясин, БҰҰ ЕЭК атқарушы хатшысының орынбасары:

- Қазақстанда табиғи байлықтардың алуан түрі бар. Оларды қалай тұрақты өндіру керек? Мысалы, литий немесе басқа да жасыл материалдарды өндірістік қалдықтардан қалай өңдеуге болады? Әзірге бұл тақырып қызығушылық тудыра қоймауы мүмкін. Бірақ жақында әлемнің назары осы салаға ауатыны анық. Әлемдік қаржы институттары мен ірі демеушілер осы салаға басымдық беретін болады.