«Zhas project» жобасы Түркістан облысында көптеген жасқа демеу болды

Әсіресе жұмыссыз жастардың үздік әлеуметтік жобалары қолдау тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы шілде айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен еліміздің 4 облысында «Zhas Project» пилоттық жобасы іске асырылған болатын. Соның бірі – Түркістан қаласында жеңімпаз жастардың жобалары таныстырылып, шығарған өнімдері көпшілік назарына ұсынылды.

Арайлым Жандарбек, «Zhas Project» пилоттық жобасының жеңімпазы. Жас келіншек биыл Түркістан облысында осы жобаның қолға алынғанын естіп, кептірілген жемістен эко-чипстер шығаратын өз жобасын ұсынған. Ерекше жоба комиссия мүшелеріне бірден ұнап, қолдау білдірген. Арайлым 1 млн теңге көлеміндегі грантқа Германиялық жеміс кептіретін аппарат сатып алыпты. Қазір оның шығарған табиғи таза, эко-чипстерге сұраныс көп. Жоба шарты бойынша дайын өнімді 3 ай бойы балалар мен қарттар үйіне және аяғы ауыр аналарға таратып берген. «Әсіресе балаларға өте пайдалы», – дейді.

Арайлым Жандарбек, жоба жеңімпазы:

- Бұл - Пастила. Мысалы, мынау өрік пен қауыннан жасалады. Әртүрлі жемістен жасалынған, алма мен қарбыздың қосындысы, болмаса қауын мен бананның қосындысы. Өзіңнің қиялыңа қарай езіп, қалыбына құйып, он сағатқа қоямыз. Өзі осылай дайын болады. Сосын оны алып, кесіп, осындай әдемелеп кесеміз.

Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен үздік әлеуметтік жобалары қолдауға бағытталған. Оны Түркістан облысында ұйымдастыру  Қазақстан жастарының конгресіне жүктелген. Пилоттық жобаға қатысуға облыста 18 бен 28 жас аралығындағы 3 мыңнан астам жас ниет білдірген. Тіркелген 924 өтінімнің ішінде 63 жоба жеңімпаз атанып, 1 млн теңге көлеміндегі грантқа ие болған. Соның нәтижесінде өңірде 18 білім беру курсы, 12 спорт секциясы, 6 наубайхана және 6 тігін шеберханасы, 5 логопедиялық орталық, 4 сұлулық салоны, 3 массаж кабинеті және 3 демалыс орталығы іске қосылды.

Тоқтар Болысов, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры:

- Бізде жартысынан көбісі әлеуметтік қиын жағдайға түскен жастар қатысты. Олардың ары қарай өз өміріне жаңа мүмкіндік ашылуына үлес қосады. Себебі олар біріншіден өз кәсібін ашады. Екіншіден әртүрлі әлеуметтік сұрақтарын шешеді. Үшіншіден біз оларға білім бердік, тренинг өткіздік. Олар кәсібін болашақта өз қолына алып, ісін дамытады деген сенімдеміз.

Бүгін «Zhas project» үздік тәжірибелер форумында жеңімпаз жастардың үздік әлеуметтік жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ форум аясында қатысушылар әлеуметтік, интеллектуалдық, ерікті және көшбасшылық деңгейін арттыру үшін арнайы мамандардан дәріс алуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш