Атырау мұнай өңдеу зауыты сұйық газды сақтайтын орын жоқ

Бір айдан бері жөндеуде тұрған Атырау мұнай өңдеу зауыты 22 қараша күні толық қуатында жұмыс істей бастаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір зауыт тәулігіне 800 тонна сұйытылған көмірсутегі газын шығарады. Алайда енді сол шығарылған өнімді сақтайтын орын жоқ. Кәсіпорынның қоймасы бар болғаны 810 тоннаға есептелген. Шығарылған сұйытылған отын уақытылы тасымалданбаса,  оны сақтайтын орын жоқ. Зауытпен келісімге отырған 10-нан астам делдал компания газды тек автокөлікпен тасымалдауда. Ал, алыс жолдың кесірінен өнімді дер кезінде жеткізу мүмкін болмай тұр. Соның салдарынан батыстағы 3 облыс автогаз тапшылығынан зардап шегуде.

Мұрат Досмұратов, Амөз зауытының бас директоры:

- Қазір бізде 650 тонна сұйытылған газ сақтаулы тұр. Ал бос орын бар болғаны 150 тоннаны қабылдауға жетеді. Оны біз 3-4 сағатта толтыра аламыз. Сондықтан жұмыс ырғағының бұзылу қауіпі төніп тұр. Егер қосымша қойма таппасақ, бізге жалпы өндіріс ырғағын төмендетуге тура келеді. Ол тек сұйтылыған газ емес, бензин мен дизель отыны өндірісіне де әсер етеді.