Қостанай облысындағы аурухана күрделі жөндеуді қажет етіп тұр

Қостанай облысындағы Ұзынкөл аудандық ауруханасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған.

Содан бері жөнді жөндеу көрмепті.

Әбден ескірген ғимараттың әр жерден кірпіш сылақтары құлап, кәріз желісінің тозығы жеткен. Тоңып, жаурап отырмаса да, емхананың бірінші қабаты салқындау екендігін аурухана қызметкерлері де растайды. 

Ұзынкөл аудандық ауруханасы үш бөліктен тұрады. Әкімшілік, хирургиялық және емхана. Сыртқы көрінісін-ақ ескі ғимараттың тозығы жеткендегін байқауға болады. Әр жерде кірпіштері кертіліп, түсіп қалған. Емхана іші таза, жарық көрінгенімен, жамалмай, қапталмай қалған тұстары да баршылық. 

Елена Рахманова, Ұзынкөл кентінің тұрғыны:

- Мұндағы медициналық қызмет сапасына көңілім толады. Бірақ ауруханаға толыққанды жөндеу жүргізілсе, іші жылы болатындай жаңа қазандық салса, кәріз желісін дұрыстаса деген тілегім бар.

Бізбен тілдескен медицина қызметкерлерінің бәрі  бір ауыздан аурухана іші жылы екендігін дәлелдеп бақты. Рас, боран соғып, жел көтерілгенде салқын тартатындығын жасырмады. 

Нұргүл Әбділмәжитова, дәрігер-гинеколог:

- Терезе жақтан жел соққан кезде шынымен аздап суытады, Жаңа әйнектер салған, жан жағы дұрыс бітелмесе керек. Бірақ мен осында 13 жыл жұмыс істеп жатырмын, соншалықты бүрісіп, тоңатындай жағдай ешқашан болған емес.

Биыл ауруханада әдеттегідей ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазандыққа жаңа пештер орнатылды. Медициналық мамандардың жетіспеушілігі де өз шешімін тауып жатыр – дейді бас дәрігер. 

Серік Мырзалин, Ұзынкөл аудандық ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы:

- Әрине бізде де дәрігерлер жетіспейді. Қазір Солтүстік Қазақстан облысынан үш маманды күтіп отырмыз. Педиатр, терапевт және анестезиолог-реаниматор осы желтоқсан айында келіп, қосылады. Олардың тұрғын үйлері дайын тұр.

13 мың тұрғынға қызмет көрсететін Ұзынкөл аудандық ауруханасының медициналық жабдықтары соңғы жылда біршама жаңартылған. Ал тозығы жеткен ғимаратты қалпына келтіруді келер жылы қолға алсақ деген ойлары бар. 

Азамат Аужанов, Ұзынкөл ауданнының әкімі:

- Бұл нысан бойынша жобалық сметалық құжат әзірленді. Жалпы аумағы 5 мың 500 шаршы метр нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 миллиард 280 миллион тенге қажет. Сараптама қорытындысы дайын, енді қаржыландыру мәселесі оң шешілсе, алдағы жылы жөндеуді бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Алдағы екі жылда облыста бірінші кезекте ауданаралық мәртебеге ие болатын Арқалық және Жітіқара ауруханаларын күрделі жөндеу мақсаты тұр. Сондықтан Ұзынкөлге қаржы артыла ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг