Семейде «Сөйле» клубы жұмысын бастады

«Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында ашылған үйірменің мақсаты – қазақ тілін тегін үйрету. Осыған орай арнайы бағдарлама да әзірленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағдарламаға сәйкес ауызекі сөйлесуге, оқуға, жазуға баса мән берілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үйірме 6 ай бойы жұмыс істейді. Қала бойынша қазірдің өзінде 40-қа жуық адам клубқа жазылып үлгерген. Жоба шеңберінде қатысушыларға халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, домбыра үйрету де жоспарланып отыр.

Ксения Казымова, қала тұрғыны:

- Мен үйде баламен отырмын. Қазақ тілін тегін үйрететін клубтың ашылғанын әлеуметтік желіден көрдім. Осы елдің нанын жеп, суын ішіп жүрген соң мемлекеттің тілін білу – міндет. Тіл білсең, жұмысқа орналассаң да еш қиналмайсың. Қазақ тілін ептеп білемін, мақсатым – жетік меңгеру.  

Темірлан Бақтияров, «Жастар рухы» жастар қанаты Семей қалалық филиалының жетекшісі:

- Қазір клубқа қызығушылар көп. Күнделікті хабарласып жатыр. Жоба басталғалы шамамен 3-4 күнде бізге 37 адам тіркелді. Жоба 6 ай бойы жүргізіледі. Егер жақсы нәтиже берсе, ниет білдірушілер көп болса, жалғастыра береміз.