Экологиялық мәдениетті қалай қалыптастырамыз?

«Ол үшін елімізде тұрып, өмір сүріп жатқан әр адам тазалықты өз ауласынан бастауы тиіс», - дейді талдықорғандық экобелсенді Ғазиз Аманжолұлы.

Ол 2 жылдан бері тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап, жергілікті қоқыс өңдеу компанияларына тапсырумен айналысып келеді. Ал одан түскен қаржыны тікелей қайырымдылық қорларына аудартып отырады. Түсінген адамға бұл – шарапаты мол, қаланың тазалығы мен қоғамды дамыту жолындағы игілікті іс. Бірнеше жыл бойы «Жасыл Ел» қатарында жұмыс істеген Ғазиз Аманжолұлы жазғы демалыс кезінде жастардың жұмысқа орналасып, ақша табуына да жыл сайын тұрақты көмектесіп келеді. «Экологиялық бағытта қолға алған істерімді мен алдағы уақытта да қызу жалғастыра беремін», - дейді ол.

Ғазиз Аманжолұлы, эковолонтер:

- Мысалға Еуропа мемлекеттерінде қоқыстарды сұрыптау бойынша өте жақсы мәдениет қалыптасқан. Қоқыс шелектері тез толып кетеді. Мен одан кейін оның бәрін жинап, телефонмен қоқысты қабылдап алатын компания шақыртамын. Өздері келеді де, өлшеп алады. Келген компанияның өзі санаған сомасын тікелей солардың шоттары арқылы қайырымдылық қорларына аудартқызамын.