ШҚО-да «Ауыл медицинасын жаңғырту» жобасы қарқынды жүргізілмек

Өлкеде бұл бағытта 36 нысан салу жоспарланып отыр.

Осылайша ауылдық жерлерде медициналық пунктер мен дәрігерлік амбулаториялар бой көтереді. Мәселен Алтай қаласындағы ауданаралық аурухана толықтай қайта жабдықталмақ. Өткен жылдың өзінде аталған мекеме 50-ден астам медициналық  құралға қол жеткізді.

Вера Томилованың Алтай қаласындағы ауданаралық ауруханада рентген-лаборант  болып қызмет етіп жүргеніне екі жыл. Бірақ мына заманауи рентген құрылғысын меңгергеніне 1,5 ай ғана болды. Мүмкіндіктерін ескі аппаратпен салыстыруға мүлдем келмейді дейді. Бұрын рентген түсірілімін емделушінің қолына бере алмай әуреленетін. Енді ол мәлімет бірден орталық жүйеге тіркеліп жатыр.

Вера Томилова, рентген-лаборант:

- Рентген нәтижесі қолында болмаған соң науқастарға да қиын болды. Біз облыстағы дәрігерлермен телефон арқылы хабарласып қана кеңес алатынбыз.Енді ортақ жүйеге түсетіндіктен бұл мәліметті кез-келген салалық дәрігер көре алады.

Балалар үшін де бұрын соңды болмаған кабинет ашылды. Мамандар енді 3 айдан бастап 6 жасқа дейінгі балалардың есту қабілетіне скрининг жасайды. Үш жастағы Эмилия бүгін кезекті тексеріске келіпті.  

Заманауи әрі қолжетімді қызметтің аудан орталығында көрсетілуі ата-ана үшін де, бала болашағы үшін де маңызды.

Мәулия Құндықбаева, скрининг кабинетінің меңгерушісі:

- Баланың есту қабілетіндегі кемістікті ерте анықтау - міне ең басты мақсат осы.Сондықтан осындай кабинеттің ашылуын көптен күткен едік. Қазір келіп тексеріліп жатқандар көп. Ата-аналар алдын-ала  қабылдауға жазылып, балаларын қаратып жатыр.

Ауруханада аутистік ауытқушылығы бар бүлдіршіндерді оңалтуға да жағдай жасалған. Жалпы Алтайдағы бұл мекеме өткен жылы 223 млн теңгеге 50 бірлік медициналық жабдық алды. Биыл тағы 53 атаулы техникаға тапсырыс бермек. Солардың ішінде магнитті резонанстық томография аппаратын асыға күтіп отыр. Өйткені сол үшін Өскеменге сабылатындар көп.

Олжас Нұрекенов, Алтай ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:

- МРТ аппараты бұйырса 2024 жылы жоспарда тұр. Бізде 1300ден астам кісі Өскеменге осы жылы барып келді. Сондықтан осы аппарат  бізге өте маңызды Өйткені біздің жанымыздағы Қатонқарағай  ауданының кісілері де  келуге болады.

Шалғайдағы медициналық мүмкіндіктердің артуы  ауылдықтар үшін аса қолайлы. Өйткені барыс-келіс қиын. Әсіресе қыста. Осы қаңтардың өзінде Өскемен-Алтай тас жолы ауа-райы қолайсыздығынан бірнеше рет жабылды.

 

Сондай-ақ...