Маңғыстау облысында пара алғандар жазаланды

Маңғыстау облысында мемлекеттік және кеден қызметінде басшылық атқарған 2 адам жүйелі түрде пара алып келген.

Заң бұзған тұлғалардың бірі - ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары. Ол күн панельдерін аймаққа жеткізіп, орнатып жүрген кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алған. Сот оны 28 млн теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттеді. Ал «Құрық порты» кеден бекетінің лауазымды қызметкері жеке серіктестік жетекшісін пара беруге мәжбүрлеген. Ол Қазақстанға Ираннан құрылыс материалдарын жеткізу құжаттарын жедел рәсімдеп беремін деп ақша сұраған.  

Шамурайт Шаменов, ҚР СЖҚІҚА департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы:

- Кедендік брокер арқылы бірнеше пара алу дерегі бойынша сотталып, ҚР қылмыстық Кодексі негізінде 16,1 млн теңге айыппұл төлейді. Соңғы 2 жылда кәсіпкерлердің құқығын қорғау саласында 16 қылмыстық іс тіркеліп, мемлекеттік органдардың 12 лауазымды тұлғасы сот үкімімен кінәлі деп танылды және 11 кәсіпкердің құқығы қорғалды.