Ұлытау облысында баға тұрақтылығы бақылауға алынған

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына инфляциялық процестерді тежеу маңызды. Бұл бағытта Ұлытау облысында бірқатар шара жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Жаңаарқа ауданында 100-ден астам сауда орнымен сырттан тасымалданатын ең қажетті тауарларға бағаны негізсіз өсірмеу туралы меморандум жасалған.

Ұн, ет және макарон өнімдері. Әлеуметтік маңызға ие 19 түрлі азық-түліктің осы 3-еуі ғана жергілікті жерде өндіріледі. Өзгелері басқа өңірлерден тасымалданатындықтан, облыста бағаны реттеу қолға алынған. Жыл басында сол тауарларға артық үстеме қоспау туралы кәсіпкерлермен ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын.

Мұрат Ибраев, Жаңаарқа аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы:

- Ол меморандумның шарты – әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдеріне, сырттан әкелінген өнімдерге 15%-тен артық үстеме қоспай сату.

Аудан орталығында ең ірі көтерме сауда орталығы бар. Аудандағы және көршілес Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі шағын дүкендер барлық тауарды осы жерден алады. Сондықтан мұндағы бағаның тұрақтылығы маңызды.

Дәметкен Майбасова, жеке кәсіпкер:

- Қазіргі таңда ең қажетті деген 19 түрлі азық-түліктің бағасын қалыпты ұстап тұрмыз. Өйткені ол тауарларға меморандум бар.

Ал жергілікті билік теміржол бойында қатты отын сатып, кәсіп бастаған серіктестікпен де өзара ынтымақтастық орнатқан. Нәтижесінде қатты отынның бағасы бақылауда.

Жандос Әбжанов, жеке кәсіпкер:

- 2-3 жыл болды, бізде бір баға. Халық көп маңайдағы ауылдар алады. Жаңаарқаның іші алады. Сұраныс күніне жоқ дегенде күніне – 60-70 тонна.

Бұл серіктестік Шұбаркөлдің көмірімен тікелей келісімшарт жасап, ауданға айына 30 вагон отын жеткізіп отыр. Жалпы өңірде баға саясатын реттеуге түрлі мемлекеттік қолдаулар сеп болуда.

Авторалары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев.