Шымкентте газ жарылысынан зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр

Дәрігерлер Шымкентте газ баллоны жарылысында зардап шеккен 2 адамның жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар олардың жағдайын орташа ауыр деңгейде деп бағалап отыр. 36 жастағы әйелдің денесін 20 процент күйік шалған. Ал кеуде қуысы жарақаттанған 15 жастағы жасөспірім қазір қалалық балалар ауруханасында ем алып жатыр. 

Айта кетейік, 50 литрлік газ баллоны таңғы сағат 5 шамасында жарылған. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, апатқа қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы басты себеп. Жарылыстан үйдің қабырғасы құлаған.

Аманбек Бейсембаев, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

– Суықта тұрған газ баллонды үйге кіргізгеннен кейін бірден қосқан. Оның үстіне баллон дұрыс толтырылмаған. Жарылыс осы екі себептен болып отыр. Сондықтан қала тұрғындарына тағы ескертіп айтамыз. Газды арнайы толтыратын орындарда құйдыру керек. Себебі онда арнайы талапқа сәйкес толтырып береді.