Алматы облысында казиноға шабуыл жасалды

Павлодарда жалған есеп-шот пен акт жасау арқылы қыруар қаржы жымқырған топтың жымысқы әрекеті әшкере болды. Олар 2 жылдан бері жасанды құжаттар толтырып, жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін ақы алып отырған. Қаржы бақылау агенттігінің мәліметтері бойынша мемлекетке миллиард теңгедей шығын келтірілген.

Алматы облысында полицейлер Қапшағайдағы казино күзетшісін пышақтап кеткен күдіктіні қолға түсірді. Жәбірленуші қалалық аурухананың жансақтау бөлімшесіне жеткізілді. Сезікті ретінде ұсталған Талғар ауданының 21 жастағы тұрғыны өз қылмысын мойындады. 

Өскемендік құтқарушылар отқа оранған үйден газ баллонын сыртқа шығарып, алапат жарылыстың алдын алуға үлгерді. «Достық» саяжайындағы үйлердің бірінен өрт шығып, ер адамды күйік шалды. Өрт сөндірушілер 9 қабатты үйдің тұрғындарын да тілсіз жаудан құтқарып қалды. Қызыл жалын шарпыған пәтерден 13 адам сыртқа шығарылды. Оның үшеуі бала. Газ жарылу қаупі болғандықтан көршілес пәтерлердің де 31 тұрғыны қауіпсіз аумаққа жеткізілді.        

Маңғыстау облысында браконьерлерге тосқауыл қою қиынға соғып тұр. Түпқараған ауданында шектеуге қарамастан Каспий теңізінен бекіре тұқымдас балық аулап жүрген 3 жігіт ұсталды. Тінту барысында олардан моторлы қайық, түрлі құралдар мен 155 келі балық тәркіленді. Су маржанын заңсыз сүзген қаскөйлер мемлекетке 45 миллион теңгедей шығын келтіріп отыр. Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері құрылыс нысанына ұрлыққа түскендерді қолға түсірді. Жылыту жүйесіне қажетті алюминий батареяларды қолды қылғандар жартысын қар астына жасырып қойыпты. Құны жарты миллион теңгенің құрылыс материалдарын сатып, оңай олжаға кенелгісі келгендердің жоспары жүзеге аспады. Айыртау ауданының ұрлыққа түскен 2 тұрғынының бірі бұрын осы нысанда жұмыс істеген болып шықты.