Тойда тапанша атқан алматылық көпшіліктен кешірім сұрады

Алматы облысының Талғар ауданында болған тойда тапанша атқан жігіт көпшіліктен кешірім сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 26 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Жаңадан шаңырақ көтерген жастарға тілек айту кезінде дабыл белгісін беруге арналған тапанша пайдаланылғаны белгілі болды. Қазір бұл оқиға бойынша әкімшілік іс қозғалды. Тойды ұйымдастырушылар мен мейрамхана әкімшілігі де тексеріліп жатыр. Облыстық полиция департаментіндегілер тапанша тәркіленіп, тиісті сараптамалар тағайындалғанын айтты.

Хабиболла Әздиев, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен Алматы қаласының тұрғыны Әздиев Хабиболла, тойда 4 рет белгі беруге арналған тапаншадан оқ атқаным үшін қоғам алдында кешірім сұраймын. Бұдан былай мұндай жағдай қайталанбайды.