Павлодар облысында сәби су құйылған ыдысқа батып кетті

Павлодар облысында сәби су құйылған ыдысқа құлап, тұншығып қалды, деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысында демалыс күндері екі қайғылы оқиға тіркелді.

1 тамыз күні сағат 18:00-де Ақсу ауылдық округіндегі Пограничник ауылында ата-анасының қарауынсыз қалған бір жасар бала су құйылған он литрлік ыдысқа құлап, батып кеткен. Қайғылы оқиғаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Полиция ата-аналардан балаларды аз уақытқа болса да көзден таса етпеуді сұрады.

Сонымен қатар полиция дәл сол күні сағат 1:40-та Усолка өзенінде суға шомылу кезінде батып кеткен 22 жастағы жігіттің денесі табылғанын хабарлады. Қайғылы оқиғаның куәгерлері бар.