Елордада ер адам сатушыны пышақпен қорқытып, дәріхананы тонап кеткен

Елордада 26 жастағы жігіт дәріхана сатушысының тамағына пышақ тақап қорқытып, кассадан ақша алып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Полицияның мәліметінше, қарақшылық шабуыл жөнінде хабарлама кеше кешкісін түскен.

Жәбірленуші әйел Бауыржан Момышұлы даңғылындағы дәріханада белгісіз біреудің пышақпен қорқытып, кассадан 30 мың теңгені тартып алғанын айтты. Күдіктіні ұстауға полицияның жеке құрамы жұмылдырылды. Іздестіру барысында 26 жастағы жігіт ұсталып, пышақ пен ақша тәркіленді. Ер адам кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Дмитрий Демидов, қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Тергеу барысында кешкі сағат онның шамасында дәріханаға маска тағып алған белгісіз ер адамның кіріп, бірінші дәрі сұрағаны анықталды. Одан кейін фармацевттің тамағына пышақ тақап, кассадағы ақшаны беруін талап еткен. Ақшаны қолға алған соң, ізін суытқан. Жедел қызметкерлер бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің жасырынған тұсын анықтады. Күдікті қолға түсіп, қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.