Петропавлда қыздар аялдаманы қиратып кетті 

Еліміздің солтүстігінде бұзақылар аялдаманың әйнегін сындырып кетті. Қираған павильонды көрген азаматша бірден полицияға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 20 жастағы екі қызды құрықтады. Олар мас күйінде болған. Сезіктілердің айтуынша, олардың біреуі ашуға беріліп, әйнек қабырғаны қиратқан. Қыздарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша іс қозғалды. Қажетті материалдар жинақталған соң сотқа жолданады.

Айта кету қажет, келтірілген шығын көлемі шамамен 600 мың теңге. 

Түркістан облысына қарасты Келес ауылында аса ірі көлемде есірткі затын сақтаған азамат ұсталды. Полицияға ол туралы ақпаратты жергілікті тұрғындардың бірі айтқан. Күдіктіні тінту кезінде иісі бар зат тәркіленді. Сараптама оның кептірілген марихуана екенін растады. Жалпы салмағы 1,5 келі. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің басқа да қылмыстарға бар жоғы анықталып жатыр.

Дәурен Сартбаев, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Аталған хабарлама бойынша ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен Келес аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Тұрғынның үйінің ауласында тұрған сарайының ішінен пакеттің ішінде есірткіге ұқсас зат анықталып тәркіленді. Қазіргі таңда күдікті қамалды.

Қызылордада ақбөкенді  атқан браконьер ұсталды

Қызылордада ақбөкенді атқан күдікті ұсталды. Тәртіп сақшылары арнайы рейд барысында Құмкөл тас жолының 13-шақырымында «Ниссан-Патрол» автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде оның жүксалғышынан 6-бас ақбөкен аңына ұқсас жануардың өлі денесі анықталды. Сондай-ақ 1 ұңғылы, 12-калибрлі, аңшы мылтығы, 93-дана оқдәрі және 1 дана аңшы пышағы тәркіленді. Сезікті уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынып, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

БҚО-да заңсыз балық аулаған

Ал батыс қазақстандық полицейлер заңсыз ауланған жарты тонна балықты тәркіленіп, Ақжайық ауданының 29 жастағы тұрғыны ұстады. Оның «Фольксваген Шаран» автокөлігін тінту кезінде салоннан жалпы салмағы 500 келі болатын балық табылды. Авто айып тұрағына қойылып, сезікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді. Қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Алматы облысында жасырын той жасағандар анықталды

Жасырын той жасайтындарға тыйым болмай тұр. Бұл жолы Алматы облысының тәртіп сақшылары бас санитар дәрігердің қаулысын бұзғандарды анықтады. Полицейлер Үштөбе қаласындағы мейрамханалардың біріндегі үйлену тойын тоқтатты. Кафе қызметкерлері келушілердің дене қызуын тексермей кіргізіп, оларға медициналық бетпердесіз қызмет көрсеткен. Аталған дерекке қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара қабылдау үшін уәкілетті органға жолданды.