ШҚО: Глубокое ауданының тұрғыны интернетте есірткі сатумен айналысқан

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тұрғыны есірткіні интернет арқылы сатумен айналысқан. Тапсырысты қабылдап, есірткі затын клиенттермен келісілген орынға тастап кететін болған. Ұнтақты мұқият орап, жабыстырып кетеді екен. Полицейлер күдіктінің көлігінен гашиштің 24 полимерлі түйіншегін тәркіледі. Сонымен қатар үйі мен моншасын тінту кезінде сондай 59 түйіншек тауып алған. Жасырылған есірткінің жалпы салмағы жарты келіге жуық. Оның «қара нарықтағы» бағасы 700 мың теңгеге жуықтайды. 26 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Семейде он бір пәтерді тонаған ұры ұсталды

29 жастағы ұры пластикалық терезені бұзу арқылы үйге кіріп жүрген. Тұрмыстық техника, бағалы әшекей заттар мен ақшаны қолды етіп, ізін суытады екен. Ұрланған заттарды ломбардқа өткізген. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір оны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сондай-ақ басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Адамдарға пышақ сілтеген 

Павлодарлық полицейлер көшеде тұрғындарға пышақ ала жүгірген ер адамды ұстады. Ол полицейлердің ескертуіне құлақ аспаған. Балағаттап пышағын қайта-қайта сермей  бастаған. Тәртіп сақшылары резеңке таяқ пен кәсіби қорғаныс айла-тәсілін қолданып, қолын байлап тастаған. Ұсталған ер адамның психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталды. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Екі көлік өртеніп кетті 

Шығыс Қазақстан облысында өткен тәулікте екі көлік өртеніп кетті. Оның бірі Семейдегі автотұрақта түн ішінде жанған. Темір тұлпар түгелдей өртеніп кетті. Тілсіз жауға отты дұрыс пайдаланбау себеп болған. Ал екінші темір тұлпар Белоусов ауылындағы жеке үйдің ауласында жанған. Оқыс оқиғаға электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп деген болжам бар.