Павлодарда өрт болған пәтерден ер адамның денесі табылды

Екі адам қызыл жалынға оранған пәтерден сыртқа шығып үлгерген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін түнде сағат 03:01-де Украинская көшесі, 97 мекенжайы бойынша өрт туралы қоңырау түскен. Бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында төрт бөлмелі пәтерде 8 шаршы метр аумақта жиһаз жанып кеткен.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін пәтер иесі, 1962 жылы туған ер адам мен жұбайы – 1966 жылы туған әйел өздігінен  сыртқа шыққан. Апаттар медицинасы орталығының бригадасы оларға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсеткен соң Павлодар қаласының № 1 ауруханасына жеткізді.

– Өрт сөндірушілер ас үйден пәтер иесінің тіршілік белгілері жоқ 1987 жылғы ұлының денесін тапты, – делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер подъезден 12 адамды, оның ішінде 2 баланы эвакуациялады. Өрт сағат 03:47-де сөндірілді. Болжам бойынша, өрттің шығуына темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болған. Өлімнің себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.

Оқиға орнында жеке құрамнан 22 қызметкер және 7 техника, ТЖД сынау өрт зертханасы, апаттар медицинасы орталығы, «102» қызметі жұмыс істеді.