Қарағанды облысында жылқы атқан күдікті қолға түсті

Қарағанды облысында көрші шаруашылықтың жылқыларын атқан 71 жастағы күдікті тергеліп жатыр. Ол өз егіс алқабына түскен жануарларға оқ атқан. Осыған байланысты Бұқар Жырау ауданының полиция бөліміне 62 жастағы шаруа қожалығының басшысынан арыз түскен. Айтуынша, белгісіз біреу оның төрт жылқысын атып тастаған. Шығын көлемі 3 миллион теңге. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады. Күдікті көрші шаруашылықтың басшысы болып шықты. Ол өз әрекетін бөтен жылқылардың егіс алқабына түскенін және оларды қорқыту үшін атқанын мәлімдеді. Қазір полиция осы іске байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтауда жол-көлік апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді

Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға 31 шағын ауданда тіркелген. Nissan Almera көлігінің жүргізушісі арақашықтықты сақтамай Тойота Прадо көлігіне соқтығысады. Соның салдарынан екі көлік те аударылып қалған. Ереже бұзған Nissan Almera көлігінің жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылды.

ШҚО-да қой ұрлағандар ұсталды

ШҚО-да шопан ата түлігін ұрлап, пайдаға кенелмек болған күдіктілер қолға түсті. ПБ-не Алтай ауданы Серебряное шатқалындағы жайылым учаскесінен белгісіз біреулердің қой ұрлап кеткені туралы ақпарат келіп түседі. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Алтай ауданының Бородино ауылында тұратын 37 және 34 жастағы екі ер адамды ұстады. Барымтаны тасымалдау үшін күдіктілердің бірінің автокөлігі пайдаланылған. Кейін олар малды сойып, етін өзара бөліп алған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ақтөбеде велосипед ұрлығы тыйылмай тұр

Ақтөбеде велосипед ұрлығы тиылмай отыр. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында велосипед ұрлаудың 123 фактісі тіркеліпті. Мысалы, Мәртөк ауылында дүкенге барған 30 жастағы ауыл тұрғынының "Stels" маркалы велосипедінін ұрылар үптеп кеткен. Полиция қызметкерлері осыған байланысты 55 жастағы азаматты ұстады. Аталған факті бойынша күдіктінің үстінен ҚК-тің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сумақай қолдылар негізінен көп қабатты үйлердің кіреберістерін торуылдайды. Өйткені жасөспірімдер велосипедті көбіне осы жерде қараусыз қалдырады екен. Ұрлықты азайту үшін полиция велосипедті күн сайын бір жерде ұзақ уақыт қалдырмауға кеңес береді.