Атырау облысында атыс болып, бір адам қаза тапты

Төтенше жағдай Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы маңында Атырау – Ақтөбе тас жолында болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 30 қазанда сағат шамамен 19:30-да Атырау-Ақтөбе тасжолының 331-шақырымында бір топ азамат төбелесіп, артынан мылтық атылған. Бес бірдей адамға оқ тиіп, біреуінің қолы сынды.

Жергілікті басылымның мәліметінше, ауылдың әр бөлігінде тұратын ер адамдар арасында жанжал шыққан.

«Зардап шеккендер Сағыз ауылдық дәрігерлік амбулаториясына жеткізілді. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 24-99-бабы бойынша соталды тергеу басталды», – деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Сондай-ақ полицейлер бес адам оқ-дәріден жараланғанын, бір адамның қолы сынғанын хабарлады. 1985 жылғы ер адам Сағыз ауылындағы амбулаториялық ауруханада қайтыс болды.

«Болжам бойынша, оқиға ауыл тұрғындары арасындағы келіспеушіліктен болған», – деді ведомстводағылар.

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.