Шекарадан өтпек болған шетелдіктің шұлығынан есірткі табылды

Түркістан облысының полицейлері шекарадан өтпек болған шетелдіктің шұлығынан есірткі тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Қазығұрт шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, ҚР-ға өткізу бекетінен өту кезінде Өзбекстан Республикасынан ҚР-на қарай өтіп бара жаткан DAF маркалы жүк көлігіне Келли қызметтік ит үріп белгі берген. Содан шекарашылар бірден жедел тергеу тобын шақырған. Сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден құралған тергеу тобы жүргізушінің Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтады.

Сонымен қатар полицейлер көлік жүргізушісін тінту барысында оның оң жақ аяғындағы шұлығының есірткі тектес затты тәркілеп алды. Алынған зат сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша есірткінің үш грамнан астам кептірілген «марихуана» екені расталды.

Аталған дерек ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Қазіргі таңда шетел азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.