ШҚО тұрғыны бір апта бойы қиранды астында жатып қалған

Өскемендік 72 жастағы тұрғын үйінің төбесі құлап кетіп, қиранды астында қалған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Үйінің төбесі құлап, қиранды астында бір апта бойы жатқан қарияның есімі Александр Вертопрахов. «Аязды күні тоңғаным соншалықты, әлі күнге дейін қалшылдап, жылына алмай жүрмін» дейді ол. Ол кезде Өскеменде термометр бағаны -20 градустық суықтықты көрсетіп тұрған еді. Ақсақал үйінді астында 6 күн бойы қозғала алмай жатқан.

Александр Вертопрахов, қала тұрғыны:

– Мені құтқаратынына сендім және шөл қыса ма деп қана қауіптендім. Қол-аяғым әлі ауырып жүр. Қыбырлай алмай жатып, бір дауыстарды естіген соң айқайлап, көмекке шақырдым.

Дәрігерлер қарияның қалай аман қалғанына таң. Аязда қатты тоңғаны болмаса, еш жері сынбапты. Зертханалық тексеруден соң, ақсақалға иіс тигені белгілі болды. «Өмірге деген құштарлықтың, үміт пен сенімнің арқасында ғана аман қалдым» дейді қария.

Александр Мейстер, терапия бөлімінің меңгерушісі, токсиколог-дәрігер:

– Иә, бұл кісіге иіс тиген және аталған диагноз нақтыланды. Соған қарағанда үйдің жылыту жүйесінде бір ақау болған сияқты.

Бұл болжамның расқа айналуы әбден мүмкін. Өйткені жалғызбасты қария үйін қандай отын түрі табылса, сонымен жылытып отырған. Тіпті баспанасы өртенген кездері де болыпты. Құтқарушы шақыртқан көршілері «ауруханадан шыққан соң ол қайда барады?» деп уайымдап отыр.

Наталья Сулейманова, А.Вертопраховтың көршісі:

– Көршімізді бұл жерде қалдыру өте қауіпті. Үйінің едені, жарығы мен суы да жоқ. Бұған дейін бұл үй 3 рет өртенген болатын.

Александр Георгиевич өзінің өте ауыр халде қалғанын әзірге ұғынып тұрған жоқ. Ешкімнен көмек сұрағысы да келмейді. «Бірнеше күннен кейін ауруханадан шығып, үйіме барамын. Ең бастысы шатыры орнында. Бір қыстап шықсам, баспанамды көктемде жөндеп аламын» деп отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Анель Есенбердина, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ...