Қымбат телефон алғысы келген: павлодарлық тұрғын несие талап етіп, жанжал шығарды

Қаржы ұйымының қызметкері  полицияға қоңырау шалып, тәртіп сақшыларынан шұғыл келуді өтінді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына келген полицейлер істің мән-жайын анықтаған.

- Ер адам келіп, жанжал шығарып, бізге жұмыс істеуге кедергі келтірді. Мекемеден кету туралы өтінішімізге құлақ аспады.  Қала тұрғыны несие беруді талап етті, өйткені ол қымбат телефон сатып алуды жоспарлаған. Бірақ қаржы ұйымының жұмыскерлері оған өтініш беруден бас тартты, өйткені бұл клиент несие алу шарттарына сәйкес келмеді – жұмыс істемейді және басқа қарыздарды өтемеген, – деді шағым түсіруші.

Бұдан кейін ер адам қызметкерлердің жұмысына кедергі келтіре бастап, айқайлап, басқа келушілерді қорқытқан. Полиция қызметкерлерін көргенде ғана тынышталып, кетуге асыққан. 

Алайда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Енді оған бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Материал сотқа жіберілді.