Қарағандылық зейнеткердің көлігінен 21 келі марихуана тәркіленді

Қарағандыда көліктің жүк салғышынан марихуана табылды. Ал Шымкентте көлік жөндейтін орталық отқа оранды. Елде болған осы және өзге де оқыс оқиғалар келесі топтамада.

Қарағандыда автокөлікті тінту кезінде жүксалғыштан есірткіге ұқсас зат табылды. Екі полиэтилен пакетке орылған, ерекше иісті шөп сараптама қорытындысында марихуана екені белгілі болды. Сондай-ақ оның жалпы салмағы 21 келіден асқан. Полиция қызметкерлерінің жедел алдын-алу іс-шарасы кезінде күдікті қолға түсіп, қылмыстық іс қозғалды. Автокөлікті басқарған 60 жастағы жүргізушінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 296 бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

ЕКІ ҰРЫ ІЗДЕСТІРІЛІП ЖАТЫР

Ақтауда екі азамат тапа-тал түсте көшеден бір қап көкөніс пен үш қорап жеміс-жидекті ұрлап кетті. Олардың әрекеті қырағы камераның бейнебақылауына ілігіп, әлеуметтік желіде тарады. Оқиға базар маңында орын алған. Жәбірленуші өз тауарын жол жиегіне қойып, қоларба іздеп кеткенде күдіктілер арам пиғылдарын іске асырған. Тіпті жүкті көліктеріне қойып, екінші рет қайта ұрлық жасаған. Шығынның жалпы көлемі – 20 мың теңге. Тауар иесі полицияға арыз түсірді. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

ЖОЛ АПАТЫНАН ЕКІ АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Алматы облысында жол апаты салдарынан 47 жастағы жолаушы мен тоғыз айлық нәресте көз жұмды. Алматы қаласынан Жамбыл ауданы, Жаңақұрлыс ауылына бет алған Chevrolet автокөлігі Алматы-Бішкек автожолында ВАЗ темір тұлпарымен соқтығысты. Қақтығыстан жолаушылар мен жүргізушілер түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Жолаушының бірі оқиға орнында көз жұмса, 9 айлық бала емдеу мекемесінде екі сағаттан кейін қайтыс болды. Аталған жағдайға байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 345 бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Chevrolet Cruze автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды.

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНАН ӨРТ ШЫҚТЫ

 

Шымкентте көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы отқа оранды. Қас қарайғанда орын алған оқиғадан орталықтың 50 шаршы метр шатыры жанып кеткен. Өртті сөндіруге жеке құрамның 26 қызметкері мен 5 техникасы жұмылдырылды. Қызыл жалын 1 сағатта толық өшірілді. Өрттің шығу себептері анықталуда. Адам шығыны жоқ.