Алматы облысында аса ірі көлемде есірткі тәркіленді

Есірткі тасымалымен айналысқан азамат ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының тұрғыны зиянды затты Шу станциясы теміржол вокзалынан Қарағанды облысына жөнелтпекші болған. Оның сөмкесінен 5 келі гашиш табылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тәркіленген есірткінің салмағы аса ірі мөлшерге жатады. Енді ұсталған азамат 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер тауарды сатпақ болғаны дәлелденсе, онда 15 жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал. Осылайша көлік полициясының қызметкерлері гашиштің 10 мыңнан астам бір реттік дозасының көлеңкелі айналымға түсуіне жол бермеді. Жалпы биылғы екі айда ішкі істер органының өкілдері 378 есірткі қылмысын анықтаған. 422 келіден астам есірткі тәркіленді.