Ақтөбеде бұралқы иттер үй құстарын қырды

Ақтөбеде бұралқы иттер ауладағы төрт-түлік пен құсқа шаба бастады. Облыс орталығы маңындағы Ақжар-1 ауылында бір үйдің 20-ға жуық қазы мен тауығын қырып кеткен, , деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаңғыбас иттердің даусын естіп таңғы алты жарымда далаға шыққан Салиха Күзенова жер сипап қалдым дейді. Ауласындағы алты қазы мен күркетауықтарын және тауықты балапандарымен бірге жайратыпты. Иесіз мақұлықтар адам баласы көрінгеннен кейін қаша жөнелген. Қаздарының өлексесі әр жерде шашылып жатыр. Ауыл халқы иесіз иттерді жоюға тыйым салатын заңды қайта қарауды талап етіп отыр.

Салиха Күзенова, Ақжар-1 ауылының тұрғыны:

- Не шара қолдануға болады? Бұл деген масқара ғой, неше адамды талап жатыр. Бір күні адамға шауып, адамды да өлтіру керек қой,адамды да өлтіріп тастар мына ит.

Облыстық ветеринария басқармасы көшеде топ-тобымен өріп жүрген бұралқы иттерді заң жүзінде жоюдың бір ғана жолы бар дейді. Ол үшін тұрғындар учаскелік полиция инспекторына арыздануы тиіс. Адам мен үй жануарларына қауіп төнсе ғана шара қолданылады.

Шахидолла Рахимов, облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңы 15 бабы, 4-тармағына сәйкес  жануарларға немесе адамдарға қауіп төндіру, шабуылдаған жағдайлар болса  ол ит заң бойынша жойылуға жатады.