Ақтөбеде мас әйел 5 айлық сәбиді көшеге тастап кеткен

Жылап жатқан нәрестені тауып алған кездейсоқ адамдар полицияға хабар беріпті. Ювеналды полиция инспекторлары жедел жәрдем шақырып, дәрігерге көрсеткеннен кейін баланы «Үміт» балалар үйіне орналастырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір сағаттан кейін 25 жастағы әйел полицияға өзі хабарласып баласының жоғалып кеткенін айтыпты. Баланың әкесі жайында ақпарат жоқ. Әйел адам тұрмысы төмен отбасы ретінде тіркеуге алынды.

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ӨРТЕНІП КЕТТІ 

Екібастұзда жануарларды оңалту орталығы өртеніп кетті. Төтенше оқиға салдарынан жеке тұрған бір қабатты ғимараттың ағаш және кірпіш қабырғаларына зақым келді. Өрт жалпы аумағы 120 метр жерге таралыпты. Өрт сөндірушілер 6 газ баллонын қауіпсіз жерге шығарған. Газ баллондарын шығару кезінде 27 литрлік 3 баллонның жарылғаны белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына балалардың ойыны себеп болған. 

ДӘМХАНАДАН ӨРТ ШЫҚТЫ

Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылында дәмханадан өрт шықты. Екі қабатты ғимараттың шатыры жанып кеткен. ТЖД-нің қызметкерлері оттекті баллонды қауіпсіз жерге шығарған. Абырой болғанда дәмханада адам болмапты. Зардап шеккендер жоқ.

ҚОС ПӘТЕРЛІ ҮЙ ӨРТЕНДІ  

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Алтай қаласында қос пәтерлі үй өртенді. Бір үйдің ағаш төбесі, кіре берісімен жазғы ас үйі жанып кетсе,екінші үйдің шаруашылық нысандары мен моншасына өртеніпті. Тілсіз жаумен күреске 3 техника мен жеке құрамнан 7 адам жұмылдырылды. Барлығы 164 шаршы метр жер жанған.  Өрттің себебі анықталып жатыр. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 100-ге тарта өрт жекеменшік тұрғын үй кешенінен шыққан. Олардың басым бөлігі электр құралдарын пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болып отыр.

ВЕЛОСИПЕД ҰРЛАУДЫ КӘСІП ЕТКЕН 

Атырау облысында 19 велосипед ұрлаған күдікті қолға түсті. Оның қылмыстық әрекетіне криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері тосқауыл қойды. Шілденің 25-де түн мезгілінде Нұрсая шағын ауданынан бөтеннің мүлкін қолды қылған 29 жастағы азамат вокзал маңайында ұсталды. Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.