Жыл басынан бері елге 262 мыңнан астам ресейлік келді

Оның ішінде 25 мыңы келу мақсатын «жұмыс істеу» деп көрсеткен. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, көрші елден үдере көшкендерге байланысты еңбек нарығындағы жағдай толық бақылауда. Мекемелер жұмыс ұсыну кезінде жергілікті жастарға басымдық беруге тиіс, дейді ведомство басшысы. Алайда елде еңбек мигранттарының саны күрт өсіп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың ережелеріне сәйкес, келімсектерге шектеу енгізе алады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Басқа елден азаматтарды шақырып, Қазақстанға қоныстандыру деген мәселе қаралмайды. Қаралған жоқ та. Бүгінгі таңда ұлттық еңбек нарығына әлі әсер етіп жатқан жоқ деуімнің себебі жана айттым, 8,7 млн жұмысбасты қазақстандық бар. Келіп отқан азаматтар біздің қажетті органдар арқылы «жұмысқа кірем» деп тіркелген азаматтар 25 мыңнан ғана асқан. Сондықтан 25 мың мен 8,7 млнды есептейтін болсақ, ол үлкен үлес емес.