Алматыда көлік апатына қатысы бар автобус жүргізушісі қамалды

Алматыда болған қоғамдық көлік апатына қатысы бар автобус жүргізушілерінің бірі қамауға алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Алматы қалалық тергеу соты сотқа дейінгі тергеу органдарының күдіктіні күзетпен ұстау туралы өтінішін санкциялады. Айта кетейік, 8 қараша күні Алматыдағы Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысында екі автобус соқтығысты. Салдарынан бір адам қаза тауып, 21 тұрғын зардап шеккен болатын. Ал, түрлі жарақат алған 9 азамат қазір қала ауруханаларында ем қабылдауда. Апатқа қатысты тергеу әлі жүріп жатыр. 

Абай Жарылқасын, Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы:

- Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен сотқа дейінгі тергеу органдарының күдікті азамат А-ға қатысты 2 ай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші қанағаттандырылды. Нақты мерзімі 2023 жылдың 9 қаңтарына дейін. Қазіргі таңда сот актісі заңды күшіне енген жоқ.