Ақтөбе облысында 2 бала суға батып кетті

Ақтөбе облысында мал іздеп шыққан 2 бала өзенге батып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайғылы жағдай Ырғыз ауданындағы Құрылыс ауылынан 20 шақырым жерде болған. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің хабарлауынша, олар жырадан құлап кеткен. Ал қасында болған тағы бір бала ауылға қарай жүгіріп, жұртқа хабар беріпті. Дегенмен 12 және 13 жастағы 6-сынып оқушыларын құтқарып қалу мүмкін болмады. Мұндай дерек жыл басынан бері алғаш рет тіркеліп отыр.

Ал облыста өзен-көлге шомылуға тек 1 маусымнан бастап рұқсат. Жаз бойы 64 жағажай жұмыс істейді. Қазір барлығында дайындық жүріп жатыр.

Иса Байтұрсынов, ТЖД басқарма бастығы:

- Жүзу білмеу салдарынан, сосын үлкендердің қарауынсыз қалып отыр. Біздің сүңгуірлер тобымен тереңдігі 5 метр жерден, жағадан 6 метр қашықтықта 2 баланың денесі шығарылды. Балаларды жүзуге үйрету керек міндетті түрде. Сонымен қатар жаз мезгілінде суға түскенде тек қана жағажайларда түсу керек.