Президент аумақтық тұтастығымызға күмән келтіргендерге жауап берді

Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек.

Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аумақтық тұтастығымызға күмән келтіргендерге қоғамдық деңгейде тойтарыс беру керектігін айтты.

«Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.   

Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді», – деді Мемлекет басшысы.

«Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының толық нұсқасы.

Қ.Тоқаев: Қазақтың жері ешқашан сатылмайды

Қ.Тоқаев: Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алуы керек

Қ.Тоқаев қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу жасады