Қазақстан мен Венгрия сыртқы істер министрлері келіссөздер жүргізді

Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келіп, оның шеңберінде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен екіжақты келіссөздер өтті.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан – Венгрия ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жолдарын, сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) шеңберіндегі өзара іс-қимылды талқылады. Өзара қызығушылық тудыратын халықаралық сипаттағы бірқатар мәселе, соның ішінде қазақстандықтар үшін Еуроодақ визалық режимін оңайлатуға қатысты мәселелер қаралды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Венгрия Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Венгрия сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Венгрия Адами ресурстар министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы бағдарлама.

Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту Венгрия министрінің екі елдің 30-ға жуық ірі іскер топтар өкілдерінің қатысуымен Дипломатиялық бизнес-клуб мүшелерімен кездесуінің басты тақырыбы болды.

Сапар барысында П.Сийарто Қазақстан Республикасы Президентінің қабылдауында болады және Сауда және интеграция министрімен кездесу өткізеді, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Түркі академиясы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барады.

Гуманитарлық ынтымақтастық аясында бүгінде Венгрияда 1000-ға жуық қазақстандық студент білім алып жатқанын атап өткен жөн. Венгрия жыл сайын Қазақстан үшін 250 білім грантын бөледі.

Ақпарат көзі: ҚР СІМ