Қарағанды облысында 75 ауылдың әкімін халық сайлайды

Әкімдіктен үміттілерді тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ауыл басшысын таңдауға 80 мыңнан астам адам дауыс береді деген жоспар бар. 

Ауыл әкімдігіне кандидаттарды ұсыну 26 маусымда басталды. Бүгінде 150-ге жуық үміткер өзін өзі ұсыныпты. Бұл халық арасында бәсекелестік пен қызығушылық жоғары екенін көрсетеді. Тек 7 үміткерді саяси партия ұсынған.  Жалпы 69 ауыл әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталған.

Ерқара Аймағамбетов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Сайлау 134 мыңнан астам тұратын 149 елді мекенде өтеді. Олардың 81 мыңнан астамы сайлаушы. Ауылдық деңгейдегі әкімдердің тікелей сайлауын өткізуге 164 сайлау комиссиясы қатысады. Оның ішінде 15 аумақтық, 149-ы учаскелік сайлау комиссиялары. 

Сарапшылар бұл демократиялық қоғамның жаңа сатысы дейді. Жаңа заң халықтың саяси белсенділігін арттырып, ауылдың әл-ауқатын жақсарту мақсатында билік пен бұқара арасына жол салады. Аудан мен облыс әкімін де халық сайлайтын күн алыс емес деген пікірде.

Серік Санаубаров, облыстық кәсіпкерлер ассоциациясының атқарушы директоры:

- Менің өз ойым бойынша халық өзі сайлаған әкіммен бірге ауыл мәселесінің барлығын шешуі тиіс. Негізі осы процесс көрсетеді. Менің ойымша, аудан әкімін де облыс әкімін сайлау ұзаққа кетпеуі керек. Бір әрі кетсе 3-4 жыл қазір ауыл әкімдерін сайлап алса, кейін аудан сосын облыс бойынша бұл мәселе жабылуы керек. 

Бұл сайлауда бәсекелестік жоғары. Бір орынға кемі 2 үміткер бар. 149 үміткердің 21-і немесе 14 проценті әйел. Кандидаттардың 98-і мемлекеттік қызметте жүргендер. Қалғаны коммерция мен бюджеттік ұйым өкілдері. Ең жас үміткер 26 жаста болса, ең үлкені 2 жылдан кейін зейнетке шығатын жаста. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев