Нұр-Сұлтанда Сирия мәселесі бойынша өткен халықаралық кездесу аяқталды

Сирияның әр қиырында лаңкестік әрекеттердің белең алуы әлемді алаңдатып отыр. Бұл туралы Астана процесінде Сирия бойынша XVI халықаралық кездесуі барысында айтылды. 

Бүгін келіссөзге қатысушылар бірлескен мәлімдеме қабылдап, қорытынды жасады. Кездесудің кепілгері Иран, Ресей және Түркия елдері Сирия Араб Республикасының тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын жақтайтынын мәлімдеді. Сириядағы қарулы қақтығыс салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Сирия мен көршілес елдердің егемендігіне нұқсан келтіретін қақтығыс жойылуы керек, деді тараптар. Сонымен қатар Израильдің Сирияға әскери шабуылын айыптап, оларды тоқтатуға шақырды. Кепілгер елдердің мәлімдеуінше, Халықаралық келіссөздің 17-раунды жыл соңына дейін Нұр-Сұлтанда өтеді.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:

- Қазақстан билігіне Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматындағы Сирия бойынша XVI халықаралық кездесуді өткізгені үшін шынайы алғыс білдіреміз. Келіссөздер барысында бірқатар маңызды мәселе қаралды. Сирияның әр қиырындағы қарулы қақтығыстан бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Қираған құрылымдарды қалпына келтіру, кедей халыққа көмек көрсету мәселесі басты назарға алынды.